Автосалон менеджері 334 млн теңгеге алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Фото: depositphotos.com

Тараз қаласында автосалонның сату бөлімінің 25 жастағы басшысы ірі көлемде алаяқтық жасап, клиенттер мен компанияға жалпы сомасы 334 миллион теңге көлемінде шығын келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды «24KZ»
Тергеу мәліметінше, ол қызметтік жағдайын пайдаланып, клиент әйелге құны 90 млн теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беруге уәде берген. Алайда оның көлігін сатып жіберіп, түскен қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Кейін бұл әрекетін жасыру үшін автосалон басшылығына хабарламай, компанияға тиесілі құны 83 млн теңге болатын жаңа автокөлікті клиентке табыстаған.

Сонымен қатар, айыпталушы автосалонға сатуға қойылған құны 68 млн және 34 млн теңге болатын көліктерді де сатып, қаражатын иемденген. Бұдан бөлек, компания меншігіндегі  59 млн теңге тұратын жаңа Toyota Land Cruiser автокөлігін нарықтық бағадан төмен сатқан.

Бірінші сатыдағы сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық және сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену баптары бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Бұл ретте сот айыпталушының жасын және кінәсін ішінара мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген.

Алайда прокурордың наразылығы бойынша кассациялық сот үкімді қайта қарап, жаза мерзімін 8 жылға дейін ұлғайтты. Сот шешімін қатаңдатуға келтірілген материалдық шығынның өтелмеуі себеп болған.


Сарапшылар кеңесі:
Мамандар автокөлік сатып алу кезінде келісімшарт талаптарын мұқият тексеріп, құжаттардағы мөрлердің сәйкестігіне назар аударуға және төлемнің міндетті түрде компанияның ресми шотына түскеніне көз жеткізуге кеңес береді.