Атырауда сенбілік кезінде жұмысшы қаза тапты
Атырау облысы Жылыой ауданында өткен сенбіліктердің бірінде ҚазТрансОйл компаниясының қызметкері көз жұмды. Бұл жағдайды компания растады, деп хабарлайды «24KZ».
Қайғылы оқиға сәуір айының соңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, сенбілік кезінде қызметкерлердің бірі ауыр жүк көлігінің астында қалған. Ауыр жарақат алған азамат оқиға орнында көз жұмған.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы жағдайға байланысты ҚР Қылмыстық қодексінің 104-бабы (абайсызда қазаға ұшырату) бойынша іс қозғалғанын айтты.
Компанияның еңбекті қорғау, қоршаған орта және төтенше жағдайлар департаментінің директоры Асқар Қабуловтың айтуынша, марқұмның отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде.
«Оқиғаның болғанын растаймыз. Қазір мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық себеп пен жағдайды жан-жақты анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін нақты ақпарат жарияланбайды», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Қазіргі уақытта компания оқиғаның себептерін жан-жақты анықтау мақсатында мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жүргізуде. Тергеу аяқталғанға дейін жазатайым оқиғаның мән-жайы жария етілмейді.