Өскеменде пышаққа ұқсас зат ұстаған жігіттер тұрғындарды шошытты

Фото: depositphotos.com

Өскеменде 17 мамырға қараған түні көпқабатты үй тұрғындары қолына пышаққа ұқсас зат ұстаған азаматтардың есік қағып жүргеніне алаңдап, полицияға шағымданған, деп хабарлайды «24KZ».

Куәгерлердің айтуынша, тәуліктік пәтерден шыққан екі жас жігіт подъездегі пәтерлердің есігін қаққан. Олардың бірінің қолында пышаққа ұқсас зат болғаны айтылды. Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп, әлеуметтік желілерде тараған.

Тұрғындардың сөзінше, сол уақытта пәтерлердің бірінде жалғыз бала болған. Абырой болғанда, ол есікті ашпаған. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факт  бойынша  хабарлама түскеннен кейін полиция қызметкерлері жедел жеткен.

Тексеру барысында подъезде пәтер жалдап тұрған екі жас жігіт анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. 19 жастағы азаматтан пышаққа ұқсас зат тәркіленді. Алайда оның қолданылғаны дәлелденбеген. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалған.

Полицияның хабарлауынша, негізгі күдікті тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал екінші азаматтың кәмелетке толмағаны анықталып, ол оқу орнының жатақханасына жеткізілген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.