Петропавлда рөлде қалғып кеткен жүргізуші 100 үйді жарықсыз қалдырды
Петропавлда 19 жастағы такси жүргізушісі рөлде ұйықтап қалып, жоғары вольтты электр бағанасына соғылды, соның салдарынан Жұмысшы кентіндегі жүзден аса жеке үй жарықсыз қалды, деп хабарлайды «24KZ».
Жол апаты жоғары жылдамдықпен болған. Қатты соққыдан ауыр бетон баған сынып, жерге құлаған. Нәтижесінде 106 жеке тұрғын үй электр қуатынсыз қалған.
Полицияның мәліметінше, медициналық сараптама жүргізушінің мас болмағанын және тыйым салынған заттардың әсерінде болмағанын растаған.
"Медициналық куәландыру нәтижесіне сәйкес, жүргізуші сау болған. Қалалық электр желілеріне келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі заңда белгіленген тәртіппен азаматтық-құқықтық қатынастар аясында шешіледі. Ал жүргізушіге 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Азамат Жамұқов.
Арнайы бригадалар шұғыл түрде ескі бағанның қалдықтарын алып, жаңа темірбетон тірек орнатты. Сондай-ақ үзілген жоғары кернеулі сымдар қайта тартылып, зардап шеккен тұрғын үйлерге электр қуаты толық қалпына келтірілді.