Алматы облысында Ан-2 ұшағы таулы аймаққа апатты жағдайда қонды

Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы облысының таулы аумағында Ан-2 ұшағы шұғыл қону кезінде зақымданды, деп хабарлайды «24KZ».

Әлеуметтік желіде тараған видеода әуе кемесінің тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына қонғаны көрінеді. Оқиға Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Талдыбұлақ – Қаракемер аумағында болған. Аталған маңда әуежай жоқ.
Көлік министрлігі әуе кемесіне қатысты авиациялық оқиға тіркелгенін растады.

Ведомство мәліметінше, UP-A0091 тіркеу нөмірлі Ан-2 ұшағымен болған жағдай адам шығыны жоқ авиациялық оқиға ретінде есепке алынған.

«Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу қағидаларына сәйкес оқиға Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің бақылауына алынды», – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жұмыстарына департамент қызметкерлері жіберілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.