Батыс Қазақстан облысында адасып кеткен әйел табылды
БҚО-да полицейлер далада адасып кеткен әйелді аман-есен тапты, деп хабарлайды «24KZ».
20 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Сатым ауылының тұрғыны мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан. Ауылдан алыстаған әйел бағытынан жаңылып, үйін табал алмай қалған екен.
Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 20:59-да қоңырау түсті. Ер адам анасының жоғалып кеткенін хабарлап, дереу көмек сұраған. Осыдан кейін іздестіру шаралары шұғыл ұйымдастырылды.
Оқиға орнына Теректі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ТЖД бөлімшелері жұмылдырылды. Түнгі уақыт, бағдардың болмауы іздеу жұмыстарын едәуір қиындатты. Соған қарамастан, аумақты тексеру таң атқанға дейін үздіксіз жалғасты. Кейін анықталғандай, әйел түскі уақытта ұлын көру үшін далаға шыққан. Алайда жолынан адасып, түнді ашық аспан астында өткізуге мәжбүр болған.
21 мамыр күні таңертең жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер әйелді даладан тапты. Ол аман-есен үйіне жеткізілді, медициналық көмек қажет болмады.
Полиция азаматтарға далаға шығар алдында жақындарына бағытын алдын ала хабарлап, өзімен бірге қуаты толық телефон, су және байланыс құралдарын алуды ескертеді. Тіпті таныс жердің өзі бағыттан жаңылған жағдайда қауіпті болуы мүмкін.