Павлодар облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады: бір ұшқыш қаза тапты
Павлодар облысында Ан-2 жеңіл моторлы ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды «24KZ».
Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиға 27 мамыр күні Железинка ауылы маңында болған. Әуе кемесі авиациялық-химиялық жұмыстарды орындау барысында электр желілеріне соғылған.
Бортта екі экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан бір ұшқыш қаза тауып, екіншісі құтқарушылардың көмегімен шығарылып, есін жиды.
Ұшақ «Жеңіл және аса жеңіл авиацияны пайдаланушылар» (ЭЛИСА) ұйымына тиесілі.
Сондай-ақ, дәл қазіргі сәтте осы оқиғаға қатысы бар 1998 жылы туған науқастың Железин аудандық ауруханасынан арнайы бортпен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізіліп жатқаны белгілі болды. Барлық диагностикалық тексерулерден кейін оның жағдайына қатысты қосымша ақпарат берілетіні хабарланды.
Заңнамаға сәйкес, авиациялық оқиға бойынша арнайы тергеу басталды. Оқиға орнына Көлік министрлігінің мамандары жіберілді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз