Екібастұзда жүк көлігі баласын көтеріп тұрған әйелді қағып кетті
Екібастұз қаласында автокөлік тротуарда тұрған әйел мен баланы қағып кеткен, деп хабарлайды «24KZ».
Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, 24 мамыр күні ГАЗ маркалы көліктің жүргізушісі кері қозғалыс кезінде тротуарда тұрған, қолында баласы бар әйелді қағып кеткен.
«Жарақат алған әйел қалалық ауруханаға жеткізілді. Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйелде политравма, яғни көптеген сынықтар мен жарақаттар анықталған. Науқас жансақтау және интенсивті терапия бөліміне жатқызылды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін травматология бөліміне ауыстырылды. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежеде, қажетті медициналық көмек көрсетілуде», – деп хабарлады ведомство.
Балаға медициналық көмек қажет болмаған. Автокөлік айып тұрағына қойылды.