Арыс қаласында мас жүргізуші үш адамның өмірін қиды

Арыс қаласында мас жүргізушінің кесірінен үш адам қаза тапты. 

Жоғары жылдамдықпен келген көлік жекеменшік үйдің қоршауын бұзып өтіп, қашып кеткен. Нәтижесінде екі бала мен аяғы ауыр әйел оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-тергеу тобы мән-жайды анықтау үшін қажетті шаралар жүргізіп жатыр.

Айдар Ақбаров, Арыс қалалық ауруханасы хирургия бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Екі науқас түсті, біреуі 30 жаста. Екіншісі – 1 жас 6 ай. 30 жастағы науқастың жағдайы орта дәрежелі, оң жақ тізе буынының жабық сынуы және ми шайқалуымен хирургия бөліміне жатқызылды. 1 жас 6 айлық бала өте ауыр жағдайда келді. Миының шайқалуы мен оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынығы және сол жақ санының жабық сынуымен реанимация бөліміне жатқызылды. Қазір ол баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық.