«Құрбыларын құтқармақ болды»: БҚО-да суға кеткен үш түлектің қазасына қатысты тың деректер
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Кіші Өзен өзенінде суға кеткен үш мектеп түлегінің қазасына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды «24KZ».
Алдын ала мәлімет бойынша, қорытынды емтихандар аяқталғаннан кейін 17 жастағы Ұлдана Рафих, 16 жастағы Гүлхан Тұраш және 16 жастағы Нұртас Жолдығали табиғат аясында демалуға шыққан.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша өзен жағасында барлығы бес жасөспірім - үш қыз бен екі жігіт болған. Қайғылы жағдай орын алған сәтте алғаш болып көмекке жақын маңдағы өзге жасөспірімдер ұмтылған. Олар суға кеткендердің бірін құтқарып қалғанымен, қалған үш түлекті аман алып қалу мүмкін болмаған. Қыздардың бірі суға батып бара жатқан құрбыларын құтқаруға тырысқан.
Үшеуі де сабақты өте жақсы оқыған балалар еді. Биыл олардың сыныбында небәрі тоғыз-ақ түлек болған. Бесеуі үйлеріне жақын жердегі өзенге демалуға барған екен. Айтуларынша, қыздардың бірі өзгелерді құтқармақ болып әрекеттеніп, өзі де суға кеткен. Жанындағы жігіт те олармен бірге қаза тапты. Бұл - бүкіл ауыл үшін орны толмас үлкен қасірет», – дейді ауыл тұрғыны.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының сөзінше, қаза болған қыздардың бірі жергілікті учаскелік полиция инспекторының қызы болып шықты.
Төтенше жағдайлар қызметі құтқарушыларының мәліметінше, судан екінші мәйіт сағат 19:25-те, ал үшінші мәйіт 19:42-де шығарылған.
Қазіргі уақытта осы қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті органдар тарапынан тергеу амалдары жалғасуда.