Степногорскідегі қатыгездік: Қария жұрттың көзінше итті балғамен ұрып өлтірді

depositphotos.com

Ақмола облысы Степногорск қаласында қария өтіп бара жатқан адамдардың көзінше итті балғамен ұрып өлтірді, деп хабарлайды «24KZ». Ол бұл әрекетін жануардың қартайғанымен және ауру болғанымен түсіндірген.

Оқиғаға сол маңдағы жастар куә болып, бірден полицияға хабар берген.

Біз көлікпен келе жатып, қолына балға ұстаған ер адамды көрдік. Қасындағы әйел оған бұлай жасамауын өтініп, жалынып жатты. Бірақ ол итке қарай беттеп, мақсатын орындады. Одан кейін жануардың денесін жермен сүйретіп әкетті. Біз бірден полиция шақырдық, - дейді оқиға куәгерлері.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары ер адамның жеке басын анықтап, жауап алған. Содан кейін істің мән-жайын толық анықтау үшін оны полиция бөліміне жеткізді.

Бұл жағдай қала тұрғындарының арасында үлкен наразылық толқынын тудырды. Көпшілік жануар ауыр дертке шалдыққан күннің өзінде мұндай қатыгездікке жол берілмеуі керектігін, бұл әрекет моральдық нормаларға да, қолданыстағы заңнама талаптарына да мүлдем қайшы келетінін айтуда.

Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға беруді құқық қорғау органдары қолға алды.