Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен жұбайы жол апатынан қаза тапты
Белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов жол-көлік оқиғасынан қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ».
Қаралы хабарды қоғам қайраткері Марғұлан Оспанов әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
Суық хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева мен жұбайы Мырзабек Қасымов жол апатына түсіп, екеуі де қаза тапты, – деп жазды ол.
Оның жазбасында марқұмдардың отбасына қатысты қайғылы жағдай да айтылған.
Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы сағат 09:00-де хабарласып, "Аға, ата-анамнан айырылып қалдым", деді. Бүгін қызы Алтынайдың мектепті үздік бітіріп, қызыл аттестат алатын күні еді. Үлгереміз деп асықты ма екен, Астанадан таңғы сағат 04:00-де жолға шығып кеткен екен, – деп жазды Марғұлан Оспанов.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға Атбасар мен Есіл қалаларының арасындағы жолда болған.
Салтанат Өтелбаева мәдениет пен музей ісін дамытуға елеулі үлес қосып, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырды. Әріптестері оны кәсіби біліктілігі жоғары, жауапты әрі парасатты маман ретінде сипаттайды.
Марқұмдардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтылуда.