АҚШ-та терроризмге қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен қазақстандық азамат ұсталды
АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейдің ұсталғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, операция 5 маусым күні федералдық құқық қорғау органдарының қатысуымен жүргізілген, деп хабарлайды «24KZ».
ICE дерегіне сәйкес, өткен жылы АҚШ иммиграциялық соты Еламан Балтагерейді елден депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда ол сот отырысына қатыспаған.
Ведомство өкілдері Балтагерейдің аты құқық қорғау органдары терроризмге қатысы болуы мүмкін тұлғалар тізіміне енгізілген азаматтар арасында болғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ол ICE қамауында отыр. Оған қатысты депортациялау рәсімдері аяқталғанға дейін тергеу және құқықтық шаралар жалғасады.
АҚШ билігі соңғы кезеңде заңсыз мигранттар арасынан қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін тұлғаларды анықтауға ерекше назар аударып отырғанын да атап өтті.