Құрық портында контрабанда: Әйел адам алтындарды денесіне жасырып өткізбек болған

Маңғыстау облысындағы «Құрық» кеден бекетінің қызметкерлері шекарадан ірі көлемдегі зергерлік бұйымдарды заңсыз өткізу әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды "24KZ".

«Зарифа Алиева» кемесімен келген жолаушыларды тексеру кезінде кеденшілер 1964 жылғы Қазақстан азаматшасының күдікті әрекетін байқаған. Төлқұжат бақылауынан өткен әйел жүрісін тым баяулатып, қолын үздіксіз ішіне басып жүрген.

Кеденшілер, шекарашылар және құқық қорғау органдары бірлесіп әйелді жеке тінтуден өткізді. Нәтижесінде оның жыныс мүшесінің ішіне жасырылған 34 дана алтын бұйым табылып, тәркіленді. Атқарушы органдар тәркіленген тауарлардың тізімін жариялады:


Әйел адамның жыныс мүшесінің ішінен заңсыз тасымалданбақ болған 34 дана зергерлік бұйым табылып, тәркіленді: Сырға мен жүзік жиынтығы – 15 дана, жүзіктер – 7 дана, сырғалар – 3 дана, алқа -1 дана, білезіктер – 8 дана.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тауарларды адам денесіне жасырып өткізу – кеден ережелерін бұзудың ең қауіпті әрі өрескел түрлерінің бірі екенін, бұл әрекет үшін қатаң әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Шекаралық қызметтер мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тауар айналымының жолын кесу мақсатында күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.