Құны 1 миллиард теңгеден асатын жер телімі мемлекетке қайтарылды
Шымкентте құны 1 млрд теңгеден асатын әскери жер телімі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды «24KZ».
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, әскери мүліктің сақталуы мен мақсатты түрде пайдаланылуын қадағалау барысында Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы өрескел заңбұзушылықты анықтаған.
Тексеріс барысында Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің біріне бекітіліп берілген, аумағы 87 гектардан асатын жер телімі сонау 1999 жылы заңсыз түрде жеке құрылымдардың пайдасына өткізіліп кеткені белгілі болды. Содан бері бұл қорғаныс мақсатындағы жер бірнеше рет өзге тұлғаларға қайта сатылған.
Гарнизон прокуратурасы әскери бөліммен бірлесіп, заңсыз мәмілелерді жоққа шығару үшін сотқа арызданды.
Сот тәртібімен барлық сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде құны 1 миллиард теңгеден асатын жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, әскери ведомствоның балансына берілді, - делінген ресми хабарламада.
Бас әскери прокуратура бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.