Қағаз жүзіндегі өндіріс: Алматы облысында 251 млн теңге субсидия жымқырылған

depositphotos.com

Алматы облысында мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемдену және ірі көлемде салықтан жалтару мақсатында жалған құжаттар рәсімдеумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды  "24KZ". 

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» агроөнеркәсіптік кооперативтерінің  басшысы екі жыл бойы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды ақша құралына айналдырған.

Күдіктілер Ауыл шаруашылығы басқармасына мынадай жалған мәліметтерді ұсынып отырған:

Шикі сүтті жаппай сатып алу;

Сары май мен қатты ірімшік өндіру;

Дайын өнімді өткізу.

Алайда, іс жүзінде бұл кооперативтерде сүт өңдейтін немесе ірімшік шығаратын ешқандай өндірістік қуат та, арнайы жабдық та, тіпті жұмысшылар да болмаған. Осылайша, «қағаз жүзіндегі» өндіріс арқылы мемлекет бюджетінен 251 миллион теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

 

Субсидиямен шектелмеген қылмыстық топ контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендетудің де амалын тапқан. Тергеу барысында «ComputerService» ЖК арқылы жалған электрондық шот-фактуралар  жазып беру схемасы әшкереленді. Жалған мәмілелерді рәсімдеу салдарынан мемлекет бюджетіне 416 миллион теңгеден астам салық төленбей қалған.

 

Сот істің барлық материалдарын қарап, айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдеді. Мемлекетке ірі көлемде залал келтірген қылмыстық схемаға қатысқан екі азамат кінәлі деп танылып, 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау және бюджетке залал келтіретін қылмыстық схемалардың жолын кесу жұмыстары жалғасып жатқанын ескертеді.