Ақын Салтанат Өтелбаева қаза тапқан апат: Жүк көлігінде 20 тонна жарылғыш зат болған
Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымовтың өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды "24KZ".
Қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға 16 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында Ақмола облысының аумағында орын алған. Нақтырақ айтқанда, Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында орын алған.
Полицияның алдын ала таратқан мәліметінше, ақын отырған Chevrolet Tracker маркалы жеңіл көлігі белгісіз себептермен қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, КамАЗ жүк көлігіне соғылған. Сұмдық соққының салдарынан жеңіл көліктегі ерлі-зайыптылар алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Тәртіп сақшылары тексеріс барысында жол апатына қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті.
Қостанай облысында тіркелген КамАЗ көлігі Астана бағытына қарай карьер жұмыстарында қолданылатын шамамен 20 тонна жарылғыш зат тасымалдап бара жатқан. Жүргізушінің қауіпті жүк тасымалдауға қажетті барлық рұқсат құжаттары болған, тіпті көлікте арнайы күзет қызметкері де бірге жүрген. Қуанышқа орай, жол-көлік оқиғасынан кейін ешқандай жарылыс немесе өрт тіркелген жоқ, – деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары апаттың неден болғанын егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Тергеу аясында Chevrolet Tracker жүргізушісінің таңғы уақытта рөлде қалғып кетуі мүмкін деген басты нұсқасы қарастырылуда.
Сонымен қатар, осы жол апаты салдарынан тағы екі адам түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алып, шұғыл медициналық көмекке жүгінген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.