Жүзден астам оқушының жеке мәліметтері ашық жарияланған
Степногорск қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың дербес деректерін интернетте заңсыз орналастыру фактілерін анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Тексеріс барысында белгілі болғандай, бірнеше мектеп пен қалалық білім бөлімінің ресми интернет-ресурстарында 165 оқушының жеке мәліметтері жария болған.
Ашық қолжетімділікте тұрған құжаттарда балалардың аты-жөні, оқитын мектебі және әлеуметтік мәртебесі туралы ақпараттар тайға таңба басқандай көрсетілген.
Желіге тарап кеткен мәліметтердің ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ қорғаншылықтағы (қамқорлықтағы) балалардың да тізімі болған.
Бұл мәліметтердің ғаламторда еркін тұруы олардың заңсыз таралуы мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірген.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде заң бұзушылықтар толықтай жойылды. Кәмелетке толмағандардың дербес деректері ашық сайттардан өшірілді. Ал бұл олқылыққа жол берген кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Қалалық прокуратура балалардың құқықтарын қорғау және дербес деректер туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.