17 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыстық топ жетекшісі Қырғызстаннан экстрадицияланды

Алматыда банк қаражатын жымқырды деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі  17 жыл бойы қашып жүргеннен кейін қолға түсті. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қырғызстан тарапымен бірлесіп, күдіктіні елге қайтарды, деп хабарлайды "24KZ".

 

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2007–2008 жылдары Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Топ мүшелері отандық банктердің бірінен көрінеу қайтарылмайтын несиелер рәсімдеу арқылы 183 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Жымқырылған ірі көлемдегі ақша топ мүшелерінің арасында бөліске түсіп, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Қылмыстық схема әшкереленгеннен кейін, ұйымдасқан топ мүшелерінің бір бөлігі ұсталып, сотталған болатын. Алайда қылмыстық топтың басшысы құқық қорғау органдарынан бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланды.

 

 Халықаралық іздеуде жүрген күдікті 2026 жылдың ақпанында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында қолға түсті.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сұрауынан кейін, Қырғызстан тарапы күдіктіні елге экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ  жетекшісі Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды.

 

Күдіктіге ұйымдасқан қылмыстық топпен бірлесіп, ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары қайта жанданып, соңғы нүктені сот қоятын болады.