Қостанай облысында 24 тонна спиртті заңсыз әкетпек болғандар құрықталды
Қостанай облысында шекара арқылы заңсыз этил спиртін шығармақ болғандардың жолы кесілді. Құқық бұзушы акцизделетін өнімді өзге тауар ретінде жасырмақ болған. Бұл ақпаратты облыстық прокуратура растады деп хабарлайды «24KZ».
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз жүк облыстық прокуратураның үйлестіруімен Қарабалық ауданындағы «Қайрақ» өткізу пунктінде ұсталған. Экономикалық тергеп-тексеру және Шекара қызметі департаменттерінің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде жалған құжаттармен ел асырылмақ болған ірі көлемдегі этил спирті тәркіленді.
Анықталғандай, жеке тұлға бұл өнімді еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасымалдаған. Оның тасымалдауға арналған лицензиясы да, кәсіпкерлік қызмет ретінде тіркелген құжаттары да болмаған.
Салықтан жалтару мақсатында күдікті ілеспе құжаттарға өтірік мәлімет жазған. Ол өзінің жүк көлігіндегі 24 тонна спиртті құжат жүзінде „алма сірке суы“ деп көрсеткен.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айыпталушының әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 224-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Салық төлеуден қашып, ірі көлемдегі акцизделетін тауарды заңсыз тасымалдағаны толық дәлелденді.
Үстіміздегі жылдың 4 маусымында Қарабалық аудандық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, келесідей үкім шығарды:
Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 786 400 теңге айыппұл салынды.
Мемлекет кірісіне заңсыз тасымалданған 24 тонна этил спирті толығымен тәркіленді.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді. Аймақта ішімдік өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.