Павлодарда ұры өзін ұстауға барған полиция көлігін мініп қашқан

«Бақыт» дүкенін үптеп кетпек болған бақытсыз ұсталды.

Павлодарда шым-шытырық оқиға болып, түнгі ұйқының шырқы бұзылды. Сауда нүктесіне ұрлыққа түскен күдіктіні полиция қолға түсірген. Бірақ ол сытылып шығып, патрульдік көлікпен жүйтки жөнелген. Куәгерлердің айтуынша, ызғытқан азаматтың соңына 13 бірдей патрульдік экипаж түскен. Суыт жүрісінің салдарынан жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полиция ұрлық жасап, қызметтік көлікті айдап кету деректері бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына жабылды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ер кісі мас болған. Ал апаттан опат болғандар жоқ. Зардап шеккендер қалалық ауруханаға жеткізілген.