Көлсайда демалып жүрген 16 жастағы қызды жылан шағып алды
Алматы облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жылан шаққан жасөспірімге жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға Көлсай көлдері аумағында болған. Мұнда кезекшілік атқарып жүрген жедел-құтқару жасағының қызметкерлеріне демалушылар жүгініп, 16 жастағы қызды жылан шаққаны туралы хабарлаған.
Құтқарушылар зардап шеккен жасөспірімге әмбебап құтқару бекетінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін оны қызметтік автокөлікпен медициналық мекемеге жеткізген.
Төтенше жағдайлар министрлігі жылы мезгілде жыландардың белсенді болатынын ескертеді. Ведомство табиғат аясында демалу кезінде сақтық шараларын сақтауға, белгіленген соқпақтардан шықпауға, демалыс орындарын мұқият тексеруге және жыландарға жақындамауға шақырады.
Жылан шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, 112 нөміріне хабарласу қажет.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз