Атырау – Ақтөбе пойызында билетсіз жолаушы көз жұмды

Атыраудан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызында қайғылы оқиға тіркелді. №691/692 пойызында ер адам кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды «24 KZ».

Көліктегі полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, оқиға 13 шілдеде Қандыағаш – Ақтөбе теміржол учаскесінде орын алған. Тексеру барысында марқұмның пойызда билетсіз жол жүріп бара жатқаны анықталды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Атырау – Ақтөбе бағытындағы пойызда жолаушының кенеттен қайтыс болуына байланысты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Дәрігерлердің алдын ала қойған диагнозы – екі жақты пневмония. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құзырлы органдар оқиғаның толық мән-жайын анықтауды жалғастыруда.