Жолдағы жанжал адам ұрлаумен аяқталды

depositphotos.com

Жолда жасаған ескерту үшін азаматты көліктің жүк салғышына күштеп салып кеткен күдіктілерді полиция қызметкерлері арнайы жасақпен бірге қолға түсірді, деп хабарлайды «24KZ». 

Жедел басқару орталығының «102» пультіне бір топ ер адамның бейтаныс азаматты күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түскен. Адам ұрлау сәті өтіп бара жатқан басқа автокөліктің бейнетіркегішіне жазылып қалған. Бұл видео қылмыстың мән-жайын анықтауда маңызды дәлелге айналды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, қылмысқа жол үстіндегі жанжал себеп болған. Жаяу жүргінші өткелден өтіп бара жатып, жүргізушіге ереже бұзғаны үшін ескерту жасаған. Осыдан кейін екі ортада сөзге келіспеушілік туындаған.

Көп ұзамай күдіктілер жәбірленушінің үйінің жанына барып, оны аңдып отырған. Азамат таксиге отырып жүріп кеткен кезде, олар жолды «Lexus» маркалы көлігімен бөгеп, таксиді тоқтатқан. Содан соң жәбірленушіні күштеп сыртқа шығарып, жүк салғышқа салып алып кеткен.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарының қолдауымен күдіктілер отырған көлікті құрықтады.

Қазіргі уақытта адам ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.