«Балмұздақ алып беремін»: бөтен жігіт ертіп кеткен бүлдіршіндерді 3 мың адам іздеді
Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында 3 және 4 жастағы екі бала жоғалып, Ауыл тұрғындары, полиция мен құтқарушыларды қосқанда 3 мыңға жуық адамның қатысуымен жүргізілген іздеу жұмыстарынан кейін аман-есен табылды, деп хабарлайды Alash.kz сайтына сілтеме жасаған «24KZ».
Оқиға 17 шілде күні кешке орын алған. Бұл уақытта балалардың анасы жұмыста, ал әкесі іссапарда болған. Жергілікті әлеуметтік желі пабликтерінде туыстарының көмек сұраған хабарламасы жарияланғаннан кейін, ауылдың барлық ересек тұрғыны іздеуге бір кісідей жұмылды. Нәтижесінде үш сағатқа созылған ауқымды жедел-іздеу шаралары сәтті аяқталды.
Кейін белгілі болғандай, бүлдіршіндерді «балмұздақ алып беремін» деп 25 жастағы жергілікті тұрғын ертіп кеткені анықталды. Ер адам дереу ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін де аталған азаматтың қатысуымен осыған ұқсас жағдайлар тіркелген. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ұсталған азаматтың жүйке ауруы диспансерінде есепте тұрғаны туралы ақпарат тарауда.
Атырау облыстық Полиция департаменті оқиғаның мән-жайына қатысты бірден пікір білдіруден бас тартты. Ведомство өкілдері ресми ақпарат прокуратурамен келісілгеннен кейін қосымша ұсынылатынын хабарлады.