Мьянмадағы скам-орталықтардан 49 қазақстандық елге қайтарылды

Фото: ОКҚ

Мьянма аумағындағы скам-орталықтардан 49 қазақстандық елге жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Скам-орталықтар — адамдарды жалған жұмыс ұсыныстарымен алдап, кейін интернет-алаяқтық жасауға немесе басқа да қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлейтін заңсыз орындар. Мұндай орталықтарға көбіне шетелде жоғары жалақысы бар жұмыс іздеген азаматтар түседі.

Қазақстан дипломатының сөзінше, 2022–2025 жылдары Мьянмадан 49 азамат елге қайтарылған. Оның ішінде 20 адам 2025 жылы босатылған. Сонымен қатар Қазақстан осындай жағдайға тап болған Қырғызстан және Тәжікстан азаматтарын қайтаруға да көмектескен.

Қазақстанның Таиландтағы елшілігі Мьянма билігімен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, азаматтарды анықтау және елге қайтару жұмыстарын жүргізген. Себебі Қазақстанның Мьянмада жеке елшілігі жоқ.

Станислав Василенконың айтуынша, Мьянмадағы скам-орталықтарда шамамен 100 мың адам болуы мүмкін. Олардың көбі жалған жұмыс ұсыныстарымен тартылып, кейін заңсыз әрекеттерге мәжбүрленеді.

Қазақстан адам саудасына қарсы күресті халықаралық деңгейде де күшейтіп келеді. Биыл БҰҰ алаңында Қазақстан мен Беларусьтің бастамасымен адамдарды қылмыстық әрекетке мәжбүрлеу мақсатындағы адам саудасына қарсы резолюция қабылданды.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз