Рақымшылық заңсыз қолданылған: Атырауда сотталған азамат 7 жылға қайта сотталды
Атырау облысында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған азаматқа қатысты үкім өзгертілді. Кассациялық сот рақымшылықпен қысқартылған жазаны жойып, бастапқы 7 жылдық бас бостандығынан айыру мерзімін қайта бекітті, деп хабарлайды «24KZ».
Іс материалдарына сәйкес, мемлекеттік мекемелердің бірінде бухгалтер қызметін атқарған азамат ұйым басшысымен бірлесіп, 2023-2024 жылдары 88,8 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген.
Бірінші сатыдағы сот оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда кейін рақымшылық туралы заң қолданылып, жаза мерзімі 4 жыл 8 айға дейін қысқартылған.
Бұл шешіммен Бас прокуратура келіспеді. Тексеру барысында рақымшылықты қолдану кезінде заң талаптарының бұзылғаны анықталды.
Заң бойынша аса ірі мөлшерде жасалған жымқыру қылмысы үшін жаза тек келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін. Алайда сотталған адам мемлекетке келтірілген шығынды толық өтемеген. Сонымен қатар одан 36,8 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп алу туралы шешім қабылданған.
Соған қарамастан, сот жазаны үштен бірге қысқартқан. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Бас прокуратураның наразылығынан кейін кассациялық сот істі қайта қарап, рақымшылық қолдану туралы шешімнің күшін жойды. Нәтижесінде сотталған азамат бұрын белгіленген 7 жылдық жаза мерзімін өтейтін болды.
Құзырлы органдардың мәліметінше, келтірілген залал толық өтелмесе, заңда көзделген талаптарға сәйкес рақымшылық қолданылмайды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз