Аттан құлап, екі тәулік далада жатқан ер адам аман қалды

Фото: Қостанай облыстық ПД

Қостанай облысында мал іздеуге шығып, аттан құлаған 49 жастағы ер адам ашық далада екі тәулікке жуық жатқан. Ауыр жарақат алған азамат өздігінен қозғала алмай, ұялы телефоны болмағандықтан көмек те шақыра алмаған, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиға Амангелді ауданында болған. Полицияның мәліметінше, 26 шілдеге қараған түні «102» арнасына ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Туыстары оның мал іздеуге шығып, үйіне оралмағанын айтқан.

Хабарлама түскен бойда бес полиция қызметкерінен құралған іздестіру тобы құрылып, түн ішінде іздеу жұмыстары басталған.

Таңғы сағат 05:00 шамасында жоғалған азамат Үштоғай ауылынан шамамен 60 шақырым жердегі ашық даладан табылды. Белгілі болғандай, ол аттан құлап, бірнеше қабырғасын сындырып, түрлі дене жарақатын алған. Соның салдарынан өздігінен қозғала алмай, екі тәулікке жуық далада жатқан.

Полицейлер оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Кейін ер адам дәрігерлердің қарауына жеткізілді.

Полицияның мәліметінше, іздестіру тобының жедел әрекетінің арқасында азаматтың өмірін аман алып қалу мүмкін болды.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз