TikTok-тағы тікелей эфир соңы тұтқындаумен аяқталды
Абай облысында TikTok желісінде тікелей эфир жүргізіп, балағат сөздер айтқан және есірткі тұтынғанын мәлімдеген 26 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «24KZ».
ІІМ мәліметінше, құқықбұзушылық әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында анықталған. Тікелей трансляция кезінде бойжеткен әдепсіз әрекеттер көрсетіп, дөрекі сөйлеген және полиция мәліметі бойынша есірткі заттарын қолданғанын айтқан.
Тәртіп сақшылары жедел түрде әрекет етіп, құқық бұзған азаматшаның жеке басын анықтады. Ол Түркістан облысының тумасы болып шықты, қазіргі таңда Семей қаласында уақытша тұрады. Медициналық сараптама нәтижесі көрсеткендей, ұстау сәтінде бойжеткен алкогольдік масаң күйде болған.
Интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті құқықтық бағасын алады, ал тәртіп бұзушыларға заңнамаға сәйкес шаралар қолданылады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Өткізілген сот отырысының шешімімен оқыс әрекетімен көзге түскен бойжеткен ұсақ бұзашылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.