Теміржолдағы қайғылы оқиға: 4 жұмысшының өліміне қатысты үкім шықты
Жамбыл облысындағы «Шешенқара – Қаражыңыл» аралығында төрт жұмысшыны жүк пойызы басып кеткен қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Шу аудандық соты 2025 жылдың 10 желтоқсанында болған ауыр апатқа байланысты қылмыстық істі қарады. Төтенше жағдай кезінде теміржол күрделі жөндеуден өтіп жатқан болатын.
Сот анықтағандай, жұмыстар тиісті қауіпсіздік шараларын сақтамай және теміржол учаскесін уақытша жаппай жүргізілген. Салдарынан пойыз машинисіне жолда адамдардың жүргені туралы дер кезінде ескерту жасалмаған.
Бұл қателік арты үлкен трагедияға ұласып, салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы екі жұмысшы түрлі жарақат алды.
2026 жылдың 9 шілдесіндегі сот үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сарышаған жол дистанциясының тағы екі қызметкеріне 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, сотталған үш тұлғаның барлығына теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.