Каспийден суды тазартуға көмектесетін сирек ұлу табылды
Каспий теңізінен су экожүйесінің тазалығын сақтауға ықпал ететін сирек кездесетін ұлулардың бір түрі анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары Жайық өзені атырауы мен Каспий теңізі жағалауының биоалуантүрлілігін зерттеу барысында Каспийге ғана тән Pyrgohydrobia conica атты ұлу түрін анықтады.
Мамандардың айтуынша, бұл шағын бауыраяқты ұлу қамыс өскен таяз суларда, сондай-ақ лайлы-құмды түбінде мекендейді. Ол су экожүйесінің экологиялық жағдайын көрсететін маңызды индикаторлардың бірі саналады.
Ұлу көлемі жағынан кішкентай болғанымен, табиғи орта үшін маңызы зор. Ол органикалық қалдықтармен және микроскопиялық балдырлармен қоректеніп, судың табиғи тазаруына ықпал етеді. Сонымен қатар балықтар мен су құстары үшін қорек тізбегінің маңызды бөлігі болып табылады, деп атап өтті «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері.