Анасына пышақ сұққан ер адам елден қашып кеткен

Фото: depositphotos.com

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Вьетнамнан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және Ішкі істер министрлігі Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Вьетнамдағы Қазақстан елшілігінің жәрдемдесуімен күдіктіні қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстанға жеткізді.

Тергеу мәліметінше, күдікті өткен жылдың қараша айында өз үйінде алкогольдік масаң күйде болған. Ауызша жанжалдан кейін ол анасына пышақпен бірнеше рет соққы жасаған.

Қылмыс жасағаннан кейін заңда белгіленген жауаптылықтан жалтару мақсатында күдікті қылмыстық қудалау органынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның Вьетнам аумағында жүргені анықталды. Биыл маусым айында күдікті Дананг қаласында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы негізінде ол елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыс бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.