Біріккен Араб Әмірліктерінен үш адам экстрадицияланды
Біріккен Араб Әмірліктері іздеуде жүрген үш адамды Қазақстанға ұстап берді.
Олардың біреуі 2019-2020 жылдары сыбайласымен Астанада халықаралық орталық салуға арналған жер учаскесін алуға жәрдемдесемін деп бір азаматтың 368 мың доллар қаражатын алған. Екіншісі тонау мен бұзақылық жасағаны үшін іздеуде болған. Ол 2021 жылы Алматыда бір топ адаммен жәбірленушіге зәбір көрсетіп, 100 мың теңгеден асатын жеке мүлкін тартып алған. Ал үшінші күдікті осы жазда Астана қаласында Қытай азаматының 24 200 долларын ұрлады деген күдікке ілінген.
Ерлан Жанпейісов, ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі:
- Аталған тұлғалар қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Кейіннен олардың Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында жүргені анықталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта барлық күдіктілер тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп тексеру қайта басталды.
Айта кетейік, Әмірліктерде Бас прокурордың орынбасары Асхат Жұмағалидың қатысуымен Қылмыстың алдын алу мен қылмыстық сот төрелігі жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының 15-конгресі өтті. Арнайы сапармен барған қазақстандық делегация жергілікті құзырлы орган басшыларымен кездесіп, іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялаудың бірқатар мәселелерін талқылады.