Маңғыстауда 83 келі марихуана сақтаған 27 жастағы жігіт ұсталды

Маңғыстау облысы ПД

Мұнайлы ауданында ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Полицейлер мен прокуратура қызметкерлері жүргізген арнайы операция кезінде 83 келіден астам марихуана тәркіленді, деп хабарлайды «24KZ».

 

Маңғыстау облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы прокуратураның үйлестіруімен «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тінту жұмыстарын жүргізді.

Жедел ақпарат негізінде Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылындағы шаруашылық құрылыстарының бірінде тінту жүргізіліп, нәтижесінде өсімдік тектес зат салынған бес қап табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат - марихуана болып шықты. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 83 келі 300 грамды құрады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі (есірткі, психотроптық заттармен және олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Маңғыстау облысының 27 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда.