Мемлекеттік нөмірін қағазбен жасырған жүргізуші жауапқа тартылды
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының 487-ші шақырымында KIA K5 көлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізуші көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін бейнебақылау камераларынан жасыру мақсатында әріптер мен цифрлардың бір бөлігін қағазбен әдейі жауып қойғаны анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Аталған құқық бұзушылық үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама жасалып, көлік арнайы тұраққа қойылды. Мұндай әрекет үшін бес тәулікке дейін қамауға алу және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Жамбыл облысының аумағында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасырудың 88 дерегі тіркелген. Қазіргі уақытта өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Құқық тәртібі» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.