Іле-Алатау ұлттық паркінде орман өрті 13 гектар аумақты шарпыды
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалында орман өрті шамамен 13 гектар аумақты шарпығанын мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Өртті сөндіруге жалпы 72 адам, 23 автокөлік және авиациялық техника жұмылдырылды. Оның ішінде Түрген филиалынан 20 қызметкер мен 4 автокөлік, Алматы мемлекеттік кешенді қаумалынан 10 қызметкер мен 3 автокөлік, «Қазавиаорманқорғаудан» 7 қызметкер, 1 автокөлік және АН-2 ұшағы тартылды.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан 5 қызметкер мен 2 автокөлік, аудандық Төтенше жағдайлар департаментінен 30 қызметкер мен 13 автокөлік жұмылдырылды.
Бұдан бөлек, МИ-8 тікұшағы өрт ошағына үш рет су төкті.
Жедел шаралардың нәтижесінде өрт оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша, қызыл жалын шамамен 13 гектар аумақты шарпыған.
Қазір мамандар өрттің жекелеген ошақтарын толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.