Соққыға жығылып, қолы сынған: Алматы облысында әйелдің өліміне қатысты іс қозғалды

Фото: «НеМолчиKZ»

Алматы облысында әйелдің жұмбақ өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Туыстарының айтуынша, марқұм көз жұмар алдында күйеуі тарапынан зорлық-зомбылық көргенін жеткізген, деп хабарлайды «24KZ».

Қайтыс болған әйелдің сіңлісінің сөзінше, 23 шілде күні ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Сол кезде күйеуі әйелін аяусыз ұрып, қолын сындырған көрінеді.

Бұл туралы марқұм өз өліміне шамамен бір сағат қалғанда ғана сіңлісіне айтып үлгерген. Ол қайтыс болар алдында екі жасар егіз балаларын басқа сіңлісінің қарауына қалдырып, артынша өзіне қол жұмсаған. Марқұмның туыстары істің әділ тексеріліп, барлық мән-жайдың анықталуын талап етіп отыр.

Өз кезегінде Алматы облысының Полиция департаменті бұл дерек бойынша "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, полиция барлық тараптың уәждерін тексеріп жатыр.