Мас күйінде көлік жүргізген ақмолалық өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылды
Мас күйінде көлік құралын қайта басқарған жүргізуші өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Ақмола облысының тұрғыны бұған дейін бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан алкогольдік масаң күйде көлік құралының тізгініне отырған.
Сотта ол бұған дейін көп мөлшерде қымыз ішкенін түсіндірген.
Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді ұсынды.
Сотталушының кінәсін мойындағанын және оның жас балалары бар екенін ескере отырып, сот үкімімен оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.