Үш Lexus, екі пәтер және 21 млрд теңге: «Amanat Drive» ісі бойынша үкім шықты
Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына қатысты үкім шығарды. Сот Шүкен К.К.-ны 8 жылға, ал Үрәтбек М.С.-ны 1 жылға бас бостандығынан айырды. Қаржы пирамидасына 8 мыңнан астам салымшы тартылып, олардан 21 млрд теңгеден астам қаражат жиналған, деп хабарлайды «24KZ».
«Amanat Drive» ұйымдастырушылары азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді пайызсыз және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған.
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін бақылауындағы бірнеше заңды тұлға пайдаланылғаны анықталды. Атап айтқанда, «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС және «Gold SapaPremium» ЖШС жалған қызмет көрсетушілер ретінде әрекет еткен.
Тергеу мәліметінше, жалған шарттар арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
«Amanat Drive» қаржы пирамидасына 8 мыңнан астам адам тартылған. Жиналған қаражаттың жалпы сомасы 21 млрд теңгеден асқан.
Тартылған ақшаға сотталғандар екі пәтер және Lexus маркалы үш автокөлік сатып алып, оларды ықтимал тәркілеуден жасыру үшін басқа адамдардың атына рәсімдеген.
Сот шешімімен аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз