Алматыда алты жастағы баладан салмағы үш келіден асатын ісік алынды

Фото: gov.kz

Алматыда №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері күрделі ота жасап, баланың ішінен салмағы үш келі, өлшемі 22 сантиметр болатын ісікті алды, деп хабарлайды «24KZ». 

№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кішкентай пациент медициналық мекемеге іші айтарлықтай үлкейіп, ауырсыну шағымымен түскен.

Толық тексеруден кейін дәрігерлер құрсақ артындағы кеңістікте үлкен ісікті анықтады.

Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, ісіктің көлемі мен орналасуына байланысты, сондай-ақ ірі қан тамырларына жақын орналасып, қанмен қамтамасыз етілуі жоғары болғандықтан, ота кезінде көп мөлшерде қан жоғалту қаупі болған.

Аурухана өкілдері техникалық күрделілігіне қарамастан, хирургтар ісікті бір блокпен толығымен бөліп алып, айтарлықтай қан жоғалтудың алдын алғанын айтты.
Ісіктің өлшемі 22×16×9,5 сантиметр, ал салмағы үш келі 124 грамм болды.

Отадан кейін мамандар гистологиялық зерттеу жүргізді. Оның нәтижесі ісіктің липома - май тінінен түзілген қатерсіз ісік екенін көрсетті.

Дәрігерлердің айтуынша, егер ол одан әрі өсе берсе, ішкі ағзалар мен қан тамырын қысып, тіпті олардың орнынан ығысуына әкеп соғуы мүмкін еді.

«Бұл біздің ұжымның тағы бір кішігірім жеңісі, ең бастысы - бала үйіне дені сау, жүзінде күлкімен қайтып барады. Балаларыңызды сақтаңыздар және баланың жағдайында немесе сыртқы келбетінде әдеттен тыс өзгерістер пайда болса, мамандарға қаралуды кейінге қалдырмаңыздар», - деді ота жасаған хирург Марат Қаптағаев.

Бала тез оңалып, үйіне шығарылды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз