Мас жүргізуші анасы мен қызын қағып, біреуі қаза тапты
Батыс Қазақстан облысында мас күйінде адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «24KZ». Жол-көлік оқиғасы салдарынан анасы мен қызы зардап шегіп, біреуі қаза тапты.
8 қыркүйек күні сағат 23:00 шамасында Круглоозерное ауылында «Lada Priora» көлігінің жүргізушісі жол жиегінде келе жатқан екі әйелді қағып кетіп, ізін суытқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендердің бірі оқиға орнында көз жұмды, ал екіншісі ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Анықталғандай зардап шеккен азаматтар анасы мен қызы болып шыққан.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні дереу анықтап, ұстады. Медициналық сараптама жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғанын растады. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.