Үш адамның өліміне әкелген жол апаты: жүргізуші 10 жылға сотталды

Фото: depositphotos.com

Алматы облысында мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алған, деп хабарлайды 24KZ.

Іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни алкогольдік масаң күйде көлік басқарып, жол жүрісі қағидаларын бұзу арқылы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 23 маусымда Еңбекшіқазақ ауданында болған. Сотталушы «HAVAL M6» маркалы автокөлігін мас күйінде басқарып, «Алматы–Шелек–Қорғас» автожолының 132-шақырымында қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағытта келе жатқан «AUDI» автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апатынан үш адам қаза тауып, тағы үш адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылып, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сонымен қатар азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Сотталушыдан 29 млн теңге моральдық зиян және 1 млн 799 мың 89 теңге көлемінде мүліктік шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: