72 жастағы әйел ірі көлемде трамадол сақтағаны үшін сотталды

depositphotos.com

Ақмола облысы Макинск қаласының 72 жастағы тұрғыны жалған рецепт арқылы аса ірі мөлшерде психотроптық зат сатып алып, сақтағаны үшін сотталды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу мәліметінше, зейнеткер 2025 жылдың қыркүйегінде Көкшетау қаласындағы дәріханалардың бірінен жалған рецепт ұсынып, құрамында күшті әсер ететін зат бар трамадолдың 30 қорабын сатып алған. Кейін ол үйіне қайтып бара жатқан жолда есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері тарапынан ұсталды.

Сот отырысында айыпталушы бұл препараттарды өзі қолдану үшін сатып алғанын мәлімдеді. Алайда прокуратура ұсынған дәлелдемелер оның қылмысын толықтай дәлелдеді.

Жаза тағайындау барысында сот қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипатын және сотталушының жасын ескерді. Бастапқыда әйелге 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Алайда амнистия актісін қолдану арқылы мерзім қысқартылып, ол орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 2 жыл 4 ай жазасын өтейтін болды.

Сондай-ақ оқыңыз: