238 млн теңге субсидия жымқырды деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Фото: depositphotos.com

Ауыл шаруашылығына бөлінген 238 млн теңгеден астам мемлекеттік қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан елге экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу мәліметінше, күдікті 2020-2023 жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін мемлекеттік қолдау қаражатын заңсыз иемденген.

 Ол қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін сенімді адамдардың атына шаруа қожалықтарын тіркеген. Сондай-ақ асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу туралы жалған шарттар мен басқа да құжаттарды пайдаланған.

 Осы құжаттардың негізінде жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидия алған.

Нәтижесінде мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге 238 млн теңгеден астам шығын келген.

 Қылмыс жасағаннан кейін күдікті шетелге қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда ол Грузияда ұсталды.

 Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша күдікті елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында отыр.

 Оған тағылған қылмыстар бойынша мүлкін тәркілеу және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 Бас прокуратураның дерегінше, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға 7 адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі мүлікті жымқыру қылмыстары бойынша халықаралық іздеуде болған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: