Жол сапасын бақылау қатаңдады: ақаулы жұмыстарды ақшамен жабуға жол берілмейді

@qazavtojol

Бұдан былай жол құрылысындағы кемшіліктерді ақшалай айыппұлмен немесе «жазасын ақшамен төлеу» тәсілімен жауып, жұмысты қабылдап алуға жол берілмейді. Бас көлік прокуратурасының қадағалау актісінен кейін Көлік министрлігі осындай олқылықтарға жол берген ережелерді алып тастады, деп хабарлайды «24KZ».

Қадағалау органы жол жұмыстарын жүргізу, олардың сапасын бақылау және автомобиль жолдары объектілерін пайдалануға қабылдау тәртібін реттейтін нормативтік актілерге зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қолданатын Әдістеменің жекелеген ережелері іс жүзінде жойылмаған ауытқулары бар жол жұмыстарын қабылдауға мүмкіндік беретіні анықталды.

Атап айтқанда, жекелеген ақаулар шыққан кезде жол жабынының нормативтік сипаттамаларын нақты қалпына келтірместен жұмысты қабылдауға жол берілген. Кемшіліктерді түзудің орнына ақшалай қаражатты ұстап қалу, орындалған жұмыстардың құнын төмендету немесе кепілдік мерзімін ұзарту көзделген.

Прокуратура бұл ретте мердігерге қолданылатын «қаржылық санкциялар» техникалық бұзушылықтарды жоймайтынын және автожолдың тиісті сипаттамаларын қалпына келтірмейтінін көрсетті. 

Сонымен қатар, аталмыш Әдістеме сәйкессіздіктер анықталғаннан кейін жекелеген жобалық шешімдерді заңнамада белгіленген қатаң тәртіпті айналып өтіп қайта қарауға мүмкіндік бергені белгілі болды. Бекітілген жобалық құжаттамаға өзгерістер тек заңнамада көзделген тәртіппен ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Бас көлік прокуратурасының наразылығы негізінде Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығына тиісті өзгерістер енгізіліп, одан әлі жойылмаған ақаулары бар жұмыстарды қабылдауға жол беретін нормалар толығымен алып тасталды. Қазіргі таңда көлік саласындағы заңдылықтың сақталуын және жол құрылысы сапасын қадағалау жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыз: