Таразда мектептегі төбелестен кейін жасөспірім бір көзінен айырылды
Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде оқушылар арасындағы төбелестен кейін бір көзінен айырылған 16 жастағы Дамир Сұраншиевтің анасы шабуылға қатысқан барлық адамның жазалануын талап етіп отыр. Қайғылы оқиғадан бері жарты жыл өтсе де, бала бірнеше операцияны бастан өткеріп, қазір жетінші отаға дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
КТК телеарнасының мәліметі бойынша, төбелес сәуір айының ортасында мектептің үзіліс уақытында орын алған Жәбірленушінің айтуынша, тоғызыншы сынып оқушыларымен болған жанжалдан кейін оны ерлердің киім ауыстыратын бөлмесіне шақырып, соққыға жыққан.
Бөлмеге кіргенде олар бірден ұра бастады. Құлағанымда көзімде көзіме бірнәрсе болғанын сездім. Нақты немен ұрғанын көрмедім, -дейді жасөспірім.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, баласының көзі қатты соққыдан жарылып кеткен. Дәрігерлер бірнеше операция барысында көздің зақымданған бөліктерін қалпына келтіруге тырысқанымен, жарақат салдары қайтымсыз болып шықты. Қазіргі таңда Дамирге тіпті бүйіріне аунауға да тыйым салынған. Отадан кейінгі күрделі асқынулар мен тор қабықты сақтап қалу үшін ол үнемі қатаң бір қалыпта жатуға мәжбүр.
Жәбірленушінің отбасы төбелеске бірнеше адам қатысқанын алға тартады. Алайда, іс бойынша тек бір ғана жасөспірім айыпталушы ретінде танылған. Дамирдің анасы басқа қатысушылардың неліктен тек куәгер ретінде қалғанын түсінбей, бұл мәселені жоғары тұрған органдардың бақылауға алуын талап етуде.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Сот отырыстары жабық режимде өтуде, себебі процеске қатысушылардың бірі - кәмелет жасына толмаған.
Қазіргі уақытта Дамир ем-дом қабылдауын тоқтатқан жоқ. Ол асқынулардың екінші көзіне де әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, жетінші операцияға дайындалуда.