Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің ісі бойынша төрт полицей қамауға алынды
Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан 30 жастағы Жазира Адауованың ісіне қатысты салғырттық танытты деген күдікпен төрт полиция қызметкеріне қылмыстық іс қозғалып уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды «24KZ».
Қайғылы оқиға 23 қыркүйек күні орын алған еді. 30 жастағы әйелді бұрынғы күйеуі аңдып жүріп, 16 жерден пышақ салған. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Марқұмның ағасы әлеуметтік желіде үндеу жариялап, қарындасын қорғай алмағанын айтқан болатын. Мәлім болғандай, марқұм қайғылы жағдайға дейін экс-күйеуінің тарапынан болған ұрып-соғу, зорлау және пышақпен қорқыту деректері бойынша полицияға бірнеше рет арызданған. Бұған дейін қорғау ұйғарымдары шығарылып, қылмыстық істер қозғалғанымен, күдікті бостандықта жүрген.
Осы резонансты оқиғадан соң Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның арыздарымен жұмыс істеген полиция қызметкерлерінің әрекетіне қызметтік тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде қатаң кадрлық шешімдер қабылданып, төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бір орынбасары қызметінен босатылды. Ал департамент бастығы мен оның тағы бір орынбасарына қатаң тәртіптік жауапкершілік көзделді. Бұдан бөлек, қызметке салғырт қарау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, осы іс аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды, - делінген Астана қаласы Полиция департаментінің ресми мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, оның барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.