Қордай ауданында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған 4 күдікті ұсталды
Жамбыл облысы Қордай ауданында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленіп, 4 күдікті ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Заңсыз көші-қон фактілерінің жолын кесу үшін прокуратура Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен бірлесіп кешенді іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде мамыр-шілде айлары аралығында Алматы қаласында ресми өткізу пункттерінен тыс Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Қырғызстан мен Өзбекстанның 10 азаматы анықталды.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырған 4 адам ұсталды. Олардың үшеуі - Қазақстан, біреуі - Қырғызстан азаматы. Қырғызстандық күдікті шетелдіктерді шекараға дейін сүйемелдеп отырған. Ал қазақстандық сыбайластары оларды ел аумағында қарсы алып, Алматыға тасымалдауды қамтамасыз еткен.
Қазіргі кезде барлық күдікті қамауға алынды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-тің 394-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қордай ауданының прокуратурасы шекараны заңсыз кесіп өту және көші-қон заңнамасын бұзу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді.