Сеулдегі құрылыс алаңында қазақстандық азамат қаза тапты

фото: ЖИ

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында құрылыс нысанында бетон төбенің бір бөлігі құлап, Қазақстан азаматы қаза тапты. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды 24KZ.

Министрлік Корея Республикасының құзыретті органдары оқиғаға байланысты тергеу бастағанын мәлімдеді. 

Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан азаматтың туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, оқиға 29 қыркүйекте болған. 30 жастағы ер адам Сеулдің Сочхо ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің 23-қабатында пәтердегі тазалық жұмыстарының басталуын күтіп отырған. Сағат 09:45 шамасында оның үстіне бетон төбенің бір бөлігі құлап, қайғылы жағдайға алып келген.

Оқиғадан кейін Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігі нысандағы құрылыс жұмыстарын дереу тоқтатып, полиция және құрылыс қауіпсіздігіне жауапты органдармен бірлесіп тергеу бастады.

Мамандар еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылған-бұзылмағанын да тексеріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: