Танымал блогер отбасылық жанжалдан кейін жауапкершілікке тартылды
Танымал блогер отбасылық жанжалға байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды, деп хабарлайды 24KZ.
Полиция әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Threads платформасында блогер Э.Т.-ның жұбайымен болған жанжал туралы жариялаған видеосын анықтаған. Кадрларда әйел оқиғаның мән-жайын айтып, қолындағы қызарған жерлерді көрсеткен.
Осыдан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал болғанын анықтады. Алайда Э.Т. полицияға арыз беруден бас тартқан.
Сонымен қатар блогерге отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Бұған дейін 28 тамызда блогер пробациялық бақылау талаптарын да бұзған. Ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен мекенжайда болмаған. Осы дерек бойынша материалдар сотқа жіберілген.